You are currently viewing ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚҰРЫЛЫС ИНДУСТРИЯСЫН ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ КЕҢЕЮДЕ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚҰРЫЛЫС ИНДУСТРИЯСЫН ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ КЕҢЕЮДЕ

Түркістан облысында құрылыс индустриясын дамыту және өңірдің өндірістік әлеуетін арттыру бағытындағы халықаралық ынтымақтастық жаңа кезеңге қадам басты.

Түркістан облысының әкімі Н. Көшеров Қытайдың Jiangxi Zhixin Real Estate Development Co., Ltd компаниясының бас директоры Мао Тинь және «Хуатун» халықаралық инвестициялық-өнеркәсіптік тобының халықаралық бизнес және шетелдік өнеркәсіптік инвестициялар жөніндегі басшысы Пэн Бохэнмен кездесу өткізді.

Жиын барысында өңірдің инвестициялық әлеуеті, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың мүмкіндіктері, қолайлы логистикалық орналасуы және инвесторларға ұсынылатын мемлекеттік қолдау шаралары таныстырылды.

 

Облыс басшысы өңірде шикізатты терең өңдеу, қосылған құны жоғары өнім өндіру және жаңа өндірістерді іске қосу басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар, инвесторларға қажетті өндірістік инфрақұрылым мен дайын өндірістік алаңдардың қолжетімді екені жеткізілді.

Өз кезегінде қытайлық инвесторлар Түркістан облысында құрылыс хабын қалыптастыруға қызығушылық білдіріп, құрылыс материалдары мен сантехникалық өнімдер шығаратын заманауи өндіріс орындарын іске қосу жөніндегі жоспарларын таныстырды. Жобалардың жүзеге асуы өңірдегі импортты алмастыруға, өндіріс көлемін ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ұсынылған инвестициялық жобаларды жан-жақты зерделеп, өзара тиімді әріптестікті дамыту жөніндегі келіссөздерді жалғастыруға уағдаласты.

Халықаралық серіктестіктің нығаюы Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын арттырып, өңірді құрылыс индустриясының маңызды өндірістік орталықтарының біріне айналдыруға бағытталған стратегиялық қадам.