You are currently viewing ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ МЕН АРИЗОНА ШТАТЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ЖАҢА БАҒЫТТАРЫН ДАМЫТАДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ МЕН АРИЗОНА ШТАТЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ЖАҢА БАҒЫТТАРЫН ДАМЫТАДЫ

Түркістан облысы мен АҚШ-тың Аризона штаты білім беру, ауыл шаруашылығы және туризм салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға ниетті. Бұл мәселелер Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің АҚШ-тағы Қазақстан Республикасының құрметті консулы Хью Холлманмен кездесуінде талқыланды.

Кездесу барысында тараптар өңіраралық байланысты нығайту, инвестициялық және білім беру жобаларын жүзеге асыру, заманауи технологияларды енгізу және сала мамандары арасында тәжірибе алмасу мәселелерін қарастырды.

Қанат Қайыпбек Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық әлеуеті мен инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды. Сондай-ақ, білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызын атап өтіп, ауыл шаруашылығы мен туризмге АҚШ-тың озық технологиялары мен тәжірибесін енгізу қажеттігіне тоқталды.

Өз кезегінде Хью Холлман Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестіктің маңызын атап, Түркістан облысымен байланысты кеңейтуге мүдделі екенін білдірді. Оның айтуынша, Түркістан өңірі АҚШ-та таныстырылып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру бағытында жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар, Хью Холлман Түркістан облысының делегациясын Аризона штатына іссапармен барып, білім беру, ауыл шаруашылығы және туризм салаларындағы тәжірибемен танысуға шақырды.

Білім беру саласындағы ынтымақтастық аясында Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және меймандостық университетінде Аризона университетінің сертификаттық бағдарламасы енгізілген. Алдағы уақытта екі өңірдің жоғары оқу орындары арасында студенттер алмасу бағдарламасын іске қосу және Аризона университетінің филиалын Түркістан қаласында ашу мәселелері қарастырылуда.

Кездесу қорытындысы бойынша ұсынылған бастамаларды пысықтап, оларды жүзеге асыру тетіктерін қарастыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.