You are currently viewing ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ҚЫТАЙДЫҢ ІРІ ИНВЕСТОРЛАРЫМЕН КЕЛІССӨЗ ЖҮРГІЗІП, ЖАҢА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ПУЛЫН ҚАЛЫПТАСТЫРДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ҚЫТАЙДЫҢ ІРІ ИНВЕСТОРЛАРЫМЕН КЕЛІССӨЗ ЖҮРГІЗІП, ЖАҢА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ПУЛЫН ҚАЛЫПТАСТЫРДЫ

Түркістан облысының ресми және іскерлік делегациясы ҚХР-ға жұмыс сапары аясында Хубэй провинциясының орталығы – Ухань қаласында бірқатар маңызды кездесулер өткізіп, өңірдің инвестициялық әлеуетін таныстырды. Іскерлік сапар мен кездесулер бағдарламасы «Turkistan Invest» инвестицияларды тарту және экспортты дамыту агенттігінің үйлестіруімен ұйымдастырылды. Өңірлік агенттік шетелдік инвесторлармен байланыс орнатып, перспективалы жобаларды сүйемелдеу және өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін халықаралық деңгейде ілгерілету бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде.

Келіссөздер нәтижесінде Түркістан облысында жүзеге асырылуы мүмкін жаңа инвестициялық жобалардың пулы қалыптастырылып, өндіріс, құрылыс, көлік-логистика, агроөнеркәсіптік кешен, туризм және инфрақұрылым салаларындағы ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары айқындалды.

Сапар барысында делегация Қытайдың жетекші инвесторларымен және Хубэй халықаралық кәсіпорындар ынтымақтастығы қауымдастығының өкілдерімен кездесіп, бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Қытайлық компаниялар өңірдің өндірістік және логистикалық мүмкіндіктеріне жоғары қызығушылық танытып, өз инвестициялық ұсыныстарын ұсынды.

Атап айтқанда, Түркістан облысында болат конструкциялар өндірісін жолға қоюға бағытталған жобалар қарастырылуда. Бұл бастама өңірдің индустриялық әлеуетін арттыруға және жаңа өндірістік қуаттарды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Кездесулер барысында инвесторларға облыстың қолайлы географиялық орналасуы, халықаралық көлік дәліздеріне жақындығы, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың мүмкіндіктері, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шаралары таныстырылды.

Бүгінде Түркістан облысында Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 148 млрд теңгені құрайтын 17 инвестициялық жоба іске асырылған. Қалыптасқан серіктестік өңірге жаңа инвестициялар тартуға және халықаралық экономикалық байланыстарды нығайтуға ықпал етуде.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, нақты жобаларды пысықтауға және өзара тиімді әріптестікті дамытуға уағдаласты.