You are currently viewing ТҮРКІСТАН МЕН ГУЙЧЖОУ: ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

ТҮРКІСТАН МЕН ГУЙЧЖОУ: ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қ. Қайыпбек Қытай Халық Республикасының Гуйчжоу провинциясынан келген ресми делегациямен кездесу өткізді. Делегацияны Гуйчжоу провинциясының шетелмен достық жөніндегі халық қоғамы төрағасының орынбасары Хун Цзян бастап келді.

 

Кездесу барысында тараптар инвестиция тарту, өндіріс, цифрлық технологиялар, туризм, көлік логистикасы, ауыл шаруашылығы және сауда-экономикалық байланыстарды дамыту бағытындағы бірлескен жобаларды талқылады.

Облыс әкімінің орынбасары Қ. Қайыпбек өңірдің инвестициялық әлеуетіне тоқталып, халықаралық транзиттік мүмкіндіктерін ерекше атап өтті. Бүгінде Қытай мен Еуропа арасындағы құрлықтық жүк тасымалының 85%-ы Түркістан облысы аумағы арқылы өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық транзит дәлізіне тиеселі. Сонымен қатар, өңір арқылы Орталық Азияны Ресей және Сібір бағыттарымен байланыстыратын стратегиялық теміржол желілері орналасқан.

Сондай-ақ, Түркістан халықаралық әуежайының жылдық өткізу қуаты 3 миллион жолаушыға дейін жетеді. Инвесторлар үшін өңірде барлық қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген 21 индустриалды аймақ және жоғары технологиялық өндірістерге арналған «Turan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді.

Гуйчжоу провинциясының өкілдері өз кезегінде Түркістанның туристік әлеуетіне жоғары баға беріп, ауыл шаруашылығы, білім, логистика және өндіріс салаларында серіктестік орнатуға қызығушылық танытты.

Кездесу қорытындысында екі өңір арасында бауырластық туралы келісім жасау бастамасы көтеріліп, нақты инвестициялық жобалар бойынша жұмыстарды жандандыру жөнінде келісімге келді.