Түркістан облысының әкімі Н. Көшеров Қытайдың ірі құрылыс компаниясының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында туризм саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды.
Өңір басшысы облыстың туристік әлеуеті мен инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, тиімді жобаларға әкімдік тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді. Сонымен қатар, Түркістан қаласында жылына 3 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсететін халықаралық әуежай жұмыс істейтінін атап өтті.
Шетелдік компания өкілдері өз кезегінде туризм инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобалар бойынша ұсыныстарын таныстырды.
Айта кетейік, аталған компания Қытайдағы ірі құрылыс холдингтерінің бірі және Fortune Global 500 тізіміне енген. 73 жылдық тәжірибесі бар компания инфрақұрылымдық, өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс салаларында ауқымды жобаларды жүзеге асыратын мемлекеттік мердігер.