Түркістан облысы әкімдігінде облыс әкімі Н. Көшеровтің төрағалығымен инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті. Жиынға барлық аудан және қала әкімдері қатысты. Күн тәртібінде өңірге инвестиция тарту, инвестициялық ахуалды жақсарту және жаңа жобаларды жүйелі сүйемелдеу мәселелері қаралды. Облыс басшысы әрбір инвестордың ұсыныс-пікірін, кездесіп отырған мәселелерін жеке тыңдады.
Жиында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар таныстырылды:
Ордабасы, Түлкібас, Созақ және Қазығұрт аудандары: «Саутс Ойл» ЖШС-не қарасты компаниялар тобы мұнай өңдеу зауытының І және ІІ кезеңін, Састөбе инновациялық кешенін, Өгем өзеніндегі ГЭС каскады бар су құбырын, фосфорит рудаларын өңдеу зауытын және газ электр станциясын іске асыруда.
Түркістан қаласы: «PSI Machinery» ЖШС тау-кен металлургия кешеніне арналған ауыр жабдықтар өндіретін зауыт құрылысын жүргізуде.
Созақ ауданы: «TAIQONYR QYSHQYL ZAUYTY» ЖШС күкірт қышқылын өндіру зауытын салуда.
Сауран ауданы: «ORZAX CENTRAL ASIA» ЖШС биологиялық белсенді қоспалар мен дәрумендер шығаратын өндіріс орнын іске асыруда.
Кентау қаласы: «ККС» ЖШС газтурбиналық электр станциясын салуда.
Бәйдібек ауданы: «New Clean Energy» ЖШС жел электр станциясының құрылысын жүзеге асыруда.
Сондай-ақ, Сауран ауданында «КазМунайГаз-Аэро» ЖШС JET A-1 маркалы авиациялық отынды қоса алғанда, жанар-жағармай материалдарын сақтайтын базаның құрылысын жоспарлауда.
Облыс басшысы әрбір инвестициялық жобаны тұрақты бақылауда ұстауды, инфрақұрылымдық мәселелерді жедел шешуді және инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуді міндеттеді. Жобаларды сүйемелдеу жұмыстары күшейтіліп, нақты мерзімдер белгіленіп, жауапты тұлғалар айқындалды. Әкімнің тапсырмасы бойынша, барлық аудан және қала әкімдері өз аудандарындағы инвесторларға толық қолдау көрсетіп, жобалардың сапалы әрі уақытылы жүзеге асуына жауапты болып отыр.
Айта кетейік, аталған жобалар өңірдің өнеркәсіптік және энергетикалық әлеуетін арттыруға, экономиканы әртараптандыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.