Түркістан облысындағы шағын өнеркәсіптік паркте капсулалы үйлер мен инновациялық модульдік нысандар өндірісі жүзеге асуда. Жоба 2025 жылы облыс әкімі Н. Көшеровтің ҚХР-ға сапары барысында «SHANDONG KAMUYA SMART CULTURE AND TOURISM TECHNOLOGY» зауытымен жасалған келісім нәтижесінде жүзеге асырылды. Қазіргі таңда өнімдер «KHAN TAU» брендімен шығарылады.
Жалпыға белгілі, облыс әкімдігінің тікелей қолдауымен салынған шағын өндірістік паркте инвесторлар үшін жаңа ғимараттар бой көтерген. Солардың бірінде «BNK Group» компаниясы Қытайдың «SHANDONG KAMUYA SMART CULTURE AND TOURISM TECHNOLOGY» компаниясымен бірлесіп, капсулалы экоқонақүйлерді және өзге де инновациялық модульдік нысандарды қамтитын заманауи смарт-құрылыстар өндірісін іске қосқан.
Капсулалы үйлер туристік кешендерге, глэмпингтерге, экоқонақүйлерге, модульдік кеңселерге, көрме павильондары мен мобильді нысандарға арналған. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты – 200 дайын өнімге дейін.
Сонымен қоса, «BNK Group» компаниясы өз өндірістік базасында заманауи сэндвич-панельдер шығаруды жолға қойды. Жоба аясында тәулігіне 1 000 шаршы метрге дейін дайын өнім өндіруге мүмкіндік беретін жоғары технологиялық өндірістік желі іске қосылды. Өнімдер энергия тиімділігі, жылу оқшаулау және өрт қауіпсіздігі талаптарына сай.
Жалпы, жоба өңірдегі жоғары технологиялық өндірісті дамыту, инвестиция тарту және туризм мен инфрақұрылымды қолдауға бағытталған. Нәтижесінде 30 тұрақты жұмыс орны ашылды.