​ТҮРКІСТАНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АГРОФОРУМДА 257 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРЫНА МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ

Түркістан облысы – ауыл шаруашылығын жүргізу үшін ең қолайлы өңірлердің бірі.

Облыстың аграрлық секторында 74 мың агроқұрылым жұмыс істеп жатыр. Өңірдің 1 миллионға жуық ауыл тұрғынының экономикалық әлеуеті ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізде аграрлық саланың әлеуеті өте үлкен екендігін атап өткен болатын.

Осы тұрғыда Түркістан облысы құрылғалы бері ауыл шаруашылығының өсімі тұрақты даму үстінде. Соңғы 5 жылда жалпы өнім көлемі 2 есеге дейін ұлғайып, 1 трлн. теңгеден асты. Өнімділікті арттыруда жаңа технологиялар енгізіліп жатыр, ауыл шаруашылығы кешенінің тиімділігін арттыру жоспары жасалды.

Суғармалы жерді тиімді игеру, ауыл шаруашылығын әртараптандыру, шикізат секторынан дайын өнім секторына өту, мақта кластерін дамыту бойынша нақты жоспарларымыз бар. Қайта өңдеу саласында 2023-2027 жылдары 329 млрд. теңгеге 110 инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде.

Нәтижесінде 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, жыл сайын 230 млрд. теңгенің өнімі өндіріледі.Форумда Түркістан облысы әкімдігі мен отандық және шетелдік инвесторлармен агроөнеркәсіптік кешен саласында жалпы құны 257 млрд. теңгені құрайтын 10 келісім меморандумына қол қойылды.

Бірнешеуіне тоқталсам, қызанақ өнімдерін өндіру және май комбинатын салу кластерін құру бойынша «Русагро» АҚ-мен, Шардара ауданында жүгеріні терең өңдейтін крахмал-сірне зауытын салу бойынша «Жаркент крахмал-сірне зауыты» ЖШС-мен, Арыс қаласында және Сайрам ауданында ет кластерін құру бойынша «Turkestan Agro.kz» ЖШС-мен, Мақтаарал ауданында мақта-тоқыма кластерін құру бойынша «Global Textile Solutions» компаниясымен меморандумдар жасалды.

«Түркістан» индустриалды аймағында шұлық және костюм шығару жобасы, Өзбекстанға ет экспорттау, Отырар ауданында жүгеріні терең өңдеу зауытын салу, Қырғызстанның Ош облысымен іскерлік және ынтымақтастық байланыстарды нығайту Жол картасы бойынша да меморандумдарға қол қойылды. Форум барысында келіссөздер мен тәжірибе алмасу жиындары өтіп, кәсіпкерлердің идеялары тыңдалды. Агросала табысын арттыру жолдары талқыланды.