Түркияның жетекші фармацевтика компанияларының бірі – «Orzax Ilaç» өкілдері Түркістан облысына іссапармен келіп, өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерімен танысты. Түркістан облысының Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысы Нұржігіт Мырзахметов компания өкілдерімен кездесіп, биологиялық белсенді қоспалар өндірісін Түркістанда дамыту жайы талқыланды.
«Orzax Ilaç» компаниясының негізін қалаушы және бас директоры Орхан Алимоғлу Түркістан облысында биологиялық белсенді қоспалар өндірісін ашуға үлкен қызығушылық білдірді. Ол Түркістанның географиялық орналасуы, қолайлы бизнес климат пен табиғи ресурстарын ерекше атап өтіп, бұл өңірде өндіріс ашу үшін тамаша мүмкіндіктер бар екенін айтты. Сонымен қатар, Түркістан облысында өндіруші компаниялар үшін мемлекеттік қолдау бағдарламалары мен ынталандыру шараларының да маңыздылығын атап өтті.
«Orzax Ilaç» компаниясы 2018 жылдан бері Түркиядағы OTC (over-the-counter) нарығында көшбасшы болып табылады. Компания өнімдері 100-ден астам түрге ие, оның ішінде пробиотиктер, шөп сығындылары, Омега 3 майлары, коллагендер, витаминдер мен минералдар, арнайы қоспалар және тағы басқа денсаулыққа пайдалы өнімдер бар. Әлемнің 50 елінде экспортталатын осы өнімдер Түркия мен халықаралық нарықтарда үлкен сұранысқа ие. Компанияның штатында 1300-ге жуық қызметкер жұмыс істейді.