Түркістан облысының Қожатоғай ауылдық округінде жылына 50 мың басқа дейін ірі қара мал бордақылауға арналған Орталық Азиядағы ең ірі кешендердің бірі ашылды.
Нысанның ашылу рәсіміне Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров және жергілікті тұрғындар қатысты.



Жобаны «Қайып Ата» компаниялар тобына кіретін «Түркістан Агро KZ» ЖШС жүзеге асырды. Кешен жемшөп өндіруден бастап мал бордақылау, сою, етті өңдеу және дайын өнімді өткізуге дейінгі толық өндірістік циклді қамтиды.
Жобаның өндірістік қуаты жылына 15 мың тонна ет өндіруге мүмкіндік береді. Компаниялар тобының құрамында жылына 7,2 мың тонна өнім шығаратын ет өңдеу кәсіпорны және қуаттылығы 46 мың тонна құрамажем зауыты бар.
Сонымен қатар 1,4 мың гектар алқапта суармалы жемшөп дақылдарын өсіру және 12 мың басқа арналған заманауи мал биржасын салу жобалары іске асырылуда.
Кешен құрылысы барысында Аустралияның озық технологиялары мен етті мал шаруашылығын дамыту тәжірибесі қолданылды. Бұл өндіріс тиімділігін арттыруға, шығындарды оңтайландыруға және ет экспортының әлеуетін кеңейтуге бағытталған.
Серік Жұманғариннің айтуынша, Қазақстанда ет өндірісін ұлғайтуға қажетті ресурстар мен экспорттық әлеует жеткілікті. Былтыр елімізден 100 мың тоннадан астам ет экспортталған.

Мемлекеттің стратегиялық мақсаты – агроөнеркәсіп кешенінің жалпы ішкі өнімдегі үлесін қазіргі 6%-дан 10%-ға дейін жеткізу. Бұл бағытта мал шаруашылығын дамыту, өндірісті кеңейту және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу – басым міндеттердің бірі болып отыр.