Түркістан облысының Жетісай ауданындағы Асықата кентінде «MIR AGRO KZ» ЖШС заманауи жеміс-көкөніс сақтау қоймасы мен өнеркәсіптік жылыжай кешенін салуда.
Жобаның жалпы құны – 15,6 млрд теңге. Оның аясында жылына 8 мың тонна өнім сақтауға арналған қойма және жылдық қуаттылығы 6 600 тонна құлпынай өндіретін жылыжай кешені бой көтереді. Жоба нәтижесінде 30 тұрақты және 100 маусымдық жұмыс орны ашылады.
Инвестициялық жобаның жүзеге асырылу барысын облыс әкімі Нұралхан Көшеров компания құрылтайшысы Факуруллах Горкемогльумен кездесуде талқылады. Өңір басшысы құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы жүргізуді, заманауи технологияларды енгізуді және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуды тапсырды.

Жобаның бірінші кезеңінде 2026 жылы сыйымдылығы 8 мың тонналық қойманың құрылысы басталды. Нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Екінші кезеңде өнеркәсіптік жылыжай кешені салынады. Жобаны толық іске асыру 2027 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Кешенде жеміс-жидек пен көкөністі сақтау, сұрыптау және қаптау жұмыстары жолға қойылады. Өндірілген өнім ішкі нарыққа және экспортқа бағытталады.
«MIR AGRO KZ» ЖШС 2025 жылы Түркияның ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін «Görkem Tarim» компаниясының бастамасымен құрылған. Компанияның Анталия провинциясында жеміс-жидек пен көкөніс сақтау, сұрыптау және қаптау нысандары, жылыжайлары мен бақтары бар.
Жоба өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және өңдеу инфрақұрылымын дамытуға, экспорт көлемін ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.