Түркістан облысында өндірістік әлеуетті арттыру, инвестиция тарту және кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Өңірде шағын өндірістік парктерді дамыту аясында барлық аудан мен қалада жалпы аумағы 264,2 гектардан асатын 29 өндірістік парк салынуда. Жоба шеңберінде 275 өндірістік ғимарат бой көтеріп, 269 жобаны іске асыру және 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Қазіргі таңда:
- 178 өндірістік ғимараттың құрылысы аяқталды;
- 163 млрд теңгеге 146 өндірістік жоба іске қосылды;
- 3 300-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылды.
Өндірістік парктерде құрылыс материалдарын өндіру, жиһаз жасау, жеңіл және химия өнеркәсібі, тұрмыстық техника, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, металл бұйымдарын шығару және басқа да бағыттар қамтылған.
Бүгінде бірқатар өндіріс орындары өз жұмысын бастап, өңір экономикасына үлес қосуда. Сонымен қатар, полиэтилен өнімдері, пластикалық есік-терезелер, алюминий бұйымдары, сүт өнімдері және құрама жем өндіру секілді жобалар жүзеге асырылуда.
Қазіргі уақытта шағын өндірістік парктерді дамытудың екінші кезеңі басталды. Бұл бастама жаңа инвестициялық жобаларды тартуға, жергілікті өндірісті кеңейтуге және тұрақты жұмыс орындарын көбейтуге мүмкіндік береді.
Инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін Түркістан облысы – өндірістік жобаларды іске асыруға және бизнесті дамытуға жаңа мүмкіндіктер ұсынатын өңір.