
Қазақстан Республикасының Сиань қаласындағы Бас консулдығының ұйымдастыруымен Қытайдың Zhouzhi County Jinzhou State-owned Capital Investment and Operation (Group) Co., Ltd. мемлекеттік инвестициялық тобының өкілдері Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді. Делегация облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбекпен кездесіп, өңірде бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Жиын барысында компания өкілдері киви өсіру бағытындағы тәжірибелерімен бөлісіп, Түркістан облысының табиғи-климаттық жағдайына, ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетіне қызығушылық білдірді. Тараптар жобаны іске асыруға қолайлы жер учаскелерін анықтау, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және өзара тиімді ынтымақтастық бағыттарын қарастырды.

Кездесу қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасары жауапты басқармалар мен мекемелерге инвесторларға инвестициялық әлеуеті жоғары жер учаскелерін таныстыруды, ұсынылған бастамаларды жан-жақты пысықтап, инвесторлармен өзара байланысты жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды. Қазіргі уақытта аталған тапсырмалар аясында тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Айта кетейік, «Jinzhou» мемлекеттік инвестициялық тобы 2023 жылы құрылған. Компания Чжоучжи ауданындағы жетекші мемлекеттік кәсіпорындардың бірі. Оның негізгі қызмет бағыттарына қалалық және ауылдық инфрақұрылымды дамыту, өндірістік инвестициялар тарту, көлік инфрақұрылымы, су шаруашылығы және ауыл шаруашылығы салаларын дамыту кіреді.
Аталған жобаның жүзеге асырылуы Түркістан облысының агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, ауыл шаруашылығы саласына жаңа инвестициялар тартуға, жұмыс орындарын ашуға және экспортқа бағытталған өнім көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.