You are currently viewing ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫНДА КӨТЕРІЛГЕН МІНДЕТ: ТҮРКІСТАНДА МАҚТАНЫ ТЕРЕҢ ӨҢДЕУ ӨНДІРІСІ ДАМУДА

ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫНДА КӨТЕРІЛГЕН МІНДЕТ: ТҮРКІСТАНДА МАҚТАНЫ ТЕРЕҢ ӨҢДЕУ ӨНДІРІСІ ДАМУДА

Түркістан облысында 200 млрд теңгеден астам инвестиция тартуға бағытталған мақта-тоқыма кластері кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жоба мақта өсіруден бастап оны терең өңдеу, жіп иіру, мата тоқу және дайын тоқыма өнімдерін шығаруға дейінгі толық өндірістік циклді қалыптастыруды көздейді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу мен су ресурстарын тиімді пайдаланудың маңызын атап өтті. Президент Түркістан облысында заманауи мақта-тоқыма кластері құрылып жатқанын айтып, Үкіметке осындай тәжірибелерді кеңінен тарату және инвесторларға қолдау көрсету жөнінде тапсырма берді.

Жоба Қытайдың Xinjiang Lihua (Group) компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Өндірістік алаңдар Түркістан қаласындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында, Арыс қаласы мен Отырар ауданында орналасқан.

Кластер аясында 4 150 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның 3 100-і тұрақты, 1 050-і маусымдық жұмыс орны болады.

Өндірістік қуаттар кезең-кезеңімен іске қосылуда. 2024-2025 жылдары ПВХ құбырларын, мақта өңдеу және тамшылатып суаруға арналған таспаларды өндіру жобалары, сондай-ақ иіру фабрикасы бойынша жұмыстар жүргізілді.

«TURAN» арнайы экономикалық аймағындағы иіру фабрикасының жобалық құны 22,5 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорын жылына 16 мың тонна жіп өндіруге есептелген.

Отырар ауданында әрқайсысының жылдық қуаты 90 мың тонна болатын екі мақта өңдеу зауыты қарастырылған. Ал суару таспаларын өндіретін кәсіпорын жылына 50 мың гектар алқапты қамтамасыз етуге жеткілікті өнім шығаруға бағытталған.

Кластердің келесі кезеңінде мата тоқу, бояу-әрлеу және тігін өндірістерін дамыту көзделген. Түркістан қаласындағы «Түркістан Текстиль» жобасы осы бағыттарды біріктіріп, жіптен бастап дайын тоқыма бұйымдарына дейін өнім шығаруға мүмкіндік береді.

2026 жылдың соңына дейін төрт өндірістік нысанды іске қосу жоспарланған. Олардың қатарында тігін фабрикасы, тоқыма фабрикасы, бояу-әрлеу өндірісі және мақта тұқымын өңдеу кәсіпорны бар. Жобалық қуат бойынша тігін фабрикасы жылына 4 млн үй тоқыма жиынтығын, тоқыма фабрикасы 47 млн метр мата өндіре алады. Бояу-әрлеу кәсіпорнының жылдық қуаты да 47 млн метр матаны өңдеуге есептелген.

Суды үнемдеу – жобаның негізгі бағыттарының бірі. Өңірдегі мақта шаруашылығы суармалы егіншілікке тәуелді болғандықтан, кластерде тамшылатып суару технологияларын енгізу, суару таспаларын өндіру және су жеткізу жүйелерін жетілдіру қарастырылған. Бұл технологиялар суды өсімдік тамырына қажетті мөлшерде жеткізіп, суару процесін тиімді басқаруға мүмкіндік береді.

Су үнемдеу шараларының нәтижесі су шығыны, өнімділік және бір тонна мақтаны өндіруге жұмсалатын су көлемі сияқты көрсеткіштер арқылы бағалануы тиіс.

Кластердің іске асуы өңірде жаңа жұмыс орындарын ашумен қатар, инженерлерге, технологтарға, жабдық операторларына, механиктерге және тігін мамандарына сұранысты арттырады. Сондай-ақ, логистика, тасымал, қойма қызметі мен жабдықтарды жөндеу салаларының дамуына ықпал етеді.

Өндірістің барлық кезеңін бір жүйеге біріктіру мақтаны шикізат күйінде сатумен шектелмей, одан қосылған құны жоғары дайын өнім шығаруға жол ашады. Бұл отандық жеңіл өнеркәсіпті дамытуға, ішкі нарықты қамтамасыз етуге және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған.

Түркістан облысындағы мақта-тоқыма кластерінің басты мақсаты – мақтаны ел ішінде терең өңдеп, бәсекеге қабілетті дайын өнім өндіру. Жоба ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібінің байланысын нығайтып, өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.