
Қазақстандағы Қытай тауарларының XXI халықаралық көрмесі аясында «Turkistan Invest» инвестиция тарту және экспортты дамыту жөніндегі өңірлік агенттігінің сүйемелдеуімен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Қытай Халық Республикасынан келген 10-нан астам жетекші компания өкілдерімен G2B және B2B форматында келіссөздер өткізді.
Кездесу барысында Қытай компаниялары ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, құрылыс материалдары өндірісі, машина жасау және энергетика салаларындағы жобаларын таныстырды. Атап айтқанда, томат өнімдері мен консервіленген тағамдар, жоғары технологиялы шыны, кабель және электр қозғалтқыштары, LED жарықтандыру жүйелері, керамика және өнеркәсіптік жабдықтар өндірісі бойынша компаниялар қатысты.

Тараптар екіжақты ынтымақтастықты дамыту, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру, өндірістік кооперацияны кеңейту және Түркістан облысының индустриялық-инвестициялық әлеуетін пайдалану мәселелерін талқылады.
Облыс әкімінің орынбасары Н. Тұрашбеков өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, өнеркәсіп, құрылыс материалдарын өндіру, жаңартылатын энергия көздері және логистика салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасалғанын, сондай-ақ, өңірдің жаңа инвестициялық жобаларға ашық екенін жеткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара тиімді әріптестікті дамытуға және нақты инвестициялық бағыттар бойынша жұмыстарды жалғастыруға дайын екендерін білдірді.