You are currently viewing ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТАҒЫ ЕКІ МАҚТА ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫ АШЫЛДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТАҒЫ ЕКІ МАҚТА ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫ АШЫЛДЫ

Түркістан облысының Отырар ауданында «Түркістан тоқыма» ЖШС-нің екі жаңа мақта өңдеу зауыты іске қосылды. Кәсіпорындар Қарақоңыр ауылдық округіне қарасты Сырдария елді мекенінде, «Turan» арнайы экономикалық аймағының аумағында орналасқан.

Жаңа зауыттардың ашылу салтанатына облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысты. Ол мақта өңдеу өндірісін дамыту өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, жергілікті шикізатты терең өңдеуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Серіктестіктің алғашқы екі зауыты 2025 жылы пайдалануға берілген. Биыл тағы екі нысанның құрылысы аяқталып, нәтижесінде кәсіпорынның төрт зауыты толық іске қосылды.

Жобаның жалпы инвестициялық құны – 17,129 млрд теңге. Өндіріс орындары жылына 320 мың тонна мақта шикізатын өңдеп, 110 мың тонна мақта талшығын өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар 100-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылған.

Зауыттарда мақтаны қабылдау, тазалау, кептіру, талшығын тұқымынан ажырату, престеу және дайын өнімді қаптау үдерістері заманауи қытайлық технологиялар арқылы жүзеге асырылады.

Төрт кәсіпорынның іске қосылуы мақта өңдеу көлемін арттырып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға және Түркістан облысының агроөнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.