You are currently viewing ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АЛЮМИНИЙ КОМПОЗИТТІК ПАНЕЛЬДЕР ӨНДІРЕТІН ЗАУЫТ АШЫЛДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АЛЮМИНИЙ КОМПОЗИТТІК ПАНЕЛЬДЕР ӨНДІРЕТІН ЗАУЫТ АШЫЛДЫ

Түркістан облысының Ордабасы ауданындағы Ақбұлақ елді мекенінде алюминий композиттік панельдер өндіретін жаңа зауыт пайдалануға берілді. Жобаның инвестициялық құны 2,9 млрд теңге. Кәсіпорын жылына 3 млн шаршы метр өнім өндіруге қауқарлы.

Жаңа өндіріс орны құрылыс материалдары өндірісін дамытуға, ішкі нарықтағы сұранысты отандық өнім есебінен қамтамасыз етуге және импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталған.

Кәсіпорынның ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты. Ол жаңа өндіріс орнының іске қосылуы өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, экономикасына серпін беретінін атап өтті.

Салтанатты рәсімнен кейін облыс әкімі зауыттың өндірістік нысандарын аралап, технологиялық жабдықтардың жұмысымен танысты. Кәсіпорынның қызметі мен өндіріс барысы туралы «Nur group» ЖШС директоры Абдулла Мухитдин баяндады.

Жобаны жүзеге асыру үшін Ордабасы ауданының Ақбұлақ елді мекенінен «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы 3,9 гектар жер телімі берілген. Қазіргі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталып, негізгі технологиялық жабдықтар орнатылған. Кәсіпорында 50 адамды жұмыспен қамту жоспарланған.

Зауытта өндірілетін алюминий композиттік панельдер ғимараттардың қасбеттерін қаптау және сыртқы әрлеу жұмыстарында кеңінен қолданылады. Кәсіпорынның іске қосылуы құрылыс индустриясын сапалы отандық материалдармен қамтамасыз етуге және жергілікті өнімнің үлесін арттыруға мүмкіндік береді.

Алдағы уақытта кәсіпорын өнімдерін Орталық Азия елдері мен Ресей нарығына экспорттау жоспарланып отыр. Бұл өндірістің өткізу нарығын кеңейтіп, өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға жол ашады.