You are currently viewing ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ИНДУСТРИЯЛЫҚ АЙМАҚТАРДА 98 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ІСКЕ АСЫРЫЛУДА

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ИНДУСТРИЯЛЫҚ АЙМАҚТАРДА 98 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ІСКЕ АСЫРЫЛУДА

Түркістан облысының әкімі Н. Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде индустриялық аймақтардың қазіргі жағдайы мен инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы қаралды.

Мәжіліс барысында Түркістан облысының өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Н. Исаев баяндама жасап, өңірдегі негізгі көрсеткіштерді ұсынды.

Бүгінде облыста:
• Жалпы құны 132,3 млрд теңгені құрайтын 98 инвестициялық жоба іске асырылуда;
• Оның ішінде бүгінде 59,8 млрд теңгеге 55 жоба іске қосылып, 3 454 жұмыс орны ашылды;
• Қалған 43 жоба жүзеге асырылу кезеңінде, нәтижесінде тағы 2 547 жұмыс орны құрылмақ.

2025 жылдың қорытындысы бойынша индустриялық аймақ кәсіпорындарында:
• Өндірілген өнім көлемі – 26,2 млрд теңге;
• Бюджетке түскен салық түсімі – 1,7 млрд теңге;
• Инфрақұрылымға жұмсалған инвестиция – 12,4 млрд теңге;
• 1 теңге бюджет қаражатына 10,7 теңге жеке инвестиция тартылған.

Сонымен қатар, облыс әкімінің тапсырмасымен «Түркістан-2» индустриялық аймағы құрылды. Қазіргі таңда 150 гектар жер телімінің құқықтық рәсімдеу процесі жүргізілуде.

Жиын барысында облыс әкімі бірқатар аудан және қала әкімдерінің жұмысына сын айтып, инвестиция тарту, инфрақұрылымды дамыту және жобаларды жедел іске асыру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Негізгі мақсат – экономиканы әртараптандыру, өндірістік әлеуетті арттыру және халықты тұрақты жұмыспен қамту.