You are currently viewing ҚАЗАҚСТАН-ТҮРКИЯ СЕРІКТЕСТІГІ: ТҮРКІСТАНДА ЖАҢА ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ ӨНДІРІС БОЙ КӨТЕРЕДІ

ҚАЗАҚСТАН-ТҮРКИЯ СЕРІКТЕСТІГІ: ТҮРКІСТАНДА ЖАҢА ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ ӨНДІРІС БОЙ КӨТЕРЕДІ

Түркістан облысында «ORZAX CENTRAL ASIA» ЖШС-нің биологиялық белсенді қоспалар (БАД) мен витаминдер өндіретін зауыт салу жобасы жүзеге асырылуда. Аталған жоба Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық әріптестіктің нақты көрінісі.

Жоба аясында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қ. Қайыпбек «ORZAX CENTRAL ASIA» ЖШС-нің бас директоры Н. Акташты қабылдады. Кездесуде жобаны іске асыру және өндірісті іске қосу мәселелері қаралды. Инвестор әкімдік тарапынан көрсетілген қолдауға алғыс білдіріп, қазіргі таңда жобаны жүзеге асыруда кедергілер жоқ екенін атап өтті. Облыс әкімінің орынбасары өз кезегінде жобаны жедел әрі сапалы сүйемелдеу үшін тікелей байланыста болуға дайын екенін жеткізді.

Жобаның жалпы құны – 25 млрд теңге. Нәтижесінде 250 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 35 млн өнім шығаруға мүмкіндік береді. Жоба Түркістан облысындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында 2025-2028 жылдары іске асырылмақ.

Қазіргі таңда Оранғай ауылдық округіндегі СЭЗ аумағында 10 гектар жер телімі бөлініп, техникалық-экономикалық негіздеме мен эскиздік жобасы әзірленген. Сондай-ақ, жоба-сметалық құжаттаманы дайындау және оны ҚР құрылыс нормаларына бейімдеу жұмыстары жүргізілуде.

Ағымдағы жылдың мамыр айында зауыттың іргетасын қалау рәсімі өткізіліп, маусым айында құрылыс жұмыстары басталады деп көзделуде.

Айта кетейік, өңірде жүзеге асырылып жатқан барлық инвестициялық жобалар облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында. Түркістан облысы инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасап, өндірістік әлеуетті арттыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруда.