You are currently viewing ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚЫТАЙ ТАУАРЛАРЫНЫҢ XXI КӨРМЕСІНІҢ БАС ҚОНАҒЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚЫТАЙ ТАУАРЛАРЫНЫҢ XXI КӨРМЕСІНІҢ БАС ҚОНАҒЫ

Алматы қаласында Қазақстандағы Қытай тауарларының XXI көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Түркістан облысы халықаралық көрменің басты қонағы ретінде шақырылды. Ауқымды іс-шараға Қытай Халық Республикасының мемлекеттік органдары мен өңірлік әкімшіліктерінің, бизнес қауымдастықтарының өкілдері, сондай-ақ, Қазақстан және Орталық Азия елдерінің мемлекеттік мекемелері, жүздеген кәсіпорын мен іскерлік қауымдастық өкілдері жиналды.

Түркістан облысының делегациясын облыс әкімінің орынбасары Н. Тұрашбеков бастап барды. Іс-шара аясында өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері, өндірістік әлеуеті, экспорттық өнімдері мен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қолайлы бағыттары таныстырылды.

Көрменің ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары ұйымдастырушыларға өңірге көрсетілген сенім үшін алғыс білдірді. Бұл мәртебе Түркістан облысының инвестициялық мүмкіндіктеріне берілген жоғары баға және Қазақстан мен Қытай арасындағы өңіраралық ынтымақтастықтың нығайып келе жатқанының айқын дәлелі екенін жеткізді. Сондай-ақ, өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, жүзеге асырылып жатқан жобалар мен инвесторларға ұсынылатын басым бағыттар туралы ақпарат берді.

Айта кетейік, өңірдің қолайлы географиялық орналасуы, дамыған агроөнеркәсіптік кешені, өндірістік әлеуеті және дайын индустриялық аймақтары шетелдік инвесторлар үшін тиімді мүмкіндіктер ұсынады. Бүгінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, өнеркәсіп, құрылыс материалдарын өндіру, жаңартылатын энергия көздері, туризм және логистика салаларында жаңа жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға барлық алғышарт қалыптасқан.

Іс-шара Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, Түркістан облысына инвестиция тартуға және бірлескен жобаларды іске асыруға жаңа серпін береді деп күтілуде.