You are currently viewing ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ МЕН ХУБЭЙ ПРОВИНЦИЯСЫ АРАСЫНДАҒЫ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРІЛУДЕ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ МЕН ХУБЭЙ ПРОВИНЦИЯСЫ АРАСЫНДАҒЫ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРІЛУДЕ

ҚХР-ға жұмыс сапарымен барған Түркістан облысының әкімі Н. Көшеров пен ресми және іскерлік делегация Түркістанмен бауырлас өңір саналатын Хубэй провинциясының орталығы – Ухань қаласында Қытайдың 50-ден астам жетекші компанияларының басшыларымен маңызды келіссөздер жүргізді.

Сапар аясындағы негізгі іс-шаралардың бірі – Түркістан облысының әкімі Н. Көшеровтің Хубэй провинциясының губернаторы Ли Дяньсюньмен ресми кездесуі болды. Тараптар екі өңір арасындағы инвестициялық, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру мәселелерін талқылап, бірлескен жобаларды іске асырудың перспективаларын қарастырды.

Кездесу барысында өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм, логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ғылым және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударылды. Сонымен қатар өндірістік кооперацияны дамыту, технологиялар трансферті, жаңа кәсіпорындар ашу және экспорттық байланыстарды нығайту мәселелері көтерілді.

Хубэй провинциясы Қытайдың жетекші индустриялық және ғылыми орталықтарының бірі болып саналады. Халық саны 60 миллионнан асады. Өңір автомобиль жасау, металлургия, химия өнеркәсібі, фармацевтика, жоғары технологиялар және инновациялар саласында көшбасшы өңірлер қатарында. Провинцияның әкімшілік орталығы Ухань қаласы халықаралық көлік-логистикалық инфрақұрылымы дамыған маңызды экономикалық хаб ретінде танылған.

Тараптар көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықтың маңызын ерекше атап өтті. Бұл бағытта «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі мен өңірдің Еуразиялық транзиттік бағыттардағы стратегиялық орны кеңінен талқыланды. Сондай-ақ, Түркістан облысының туристік әлеуеті таныстырылып, әлемдік маңызы бар тарихи-мәдени мұра нысаны – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, өңірдің туристік инфрақұрылымы және халықаралық туристік бағыттарды дамыту мүмкіндіктері ұсынылды.

Бүгінде Түркістан облысында Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 148 млрд теңгені құрайтын 17 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Хубэй провинциясымен әріптестікті одан әрі тереңдету жаңа өндірістерді іске қосуға, инвестициялар көлемін арттыруға, экспорттық нарықтарды кеңейтуге және өңір экономикасының бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Түркістан облысы әкімдігі жанындағы «Turkistan Invest» агенттігі халықаралық серіктестермен тиімді ынтымақтастық орнату, инвесторларды тарту және өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін жаһандық деңгейде таныту бағытындағы жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырады.