Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында Түркістан облысының әкімі Н. Көшеров Цзянсу провинциясының Нанкин қаласында әлемдегі жетекші инженерлік және өнеркәсіптік компаниялардың бірі – Sinopec Nanjing Engineering компаниясының бас директоры әрі партия комитеті хатшысының орынбасары У Цзибо және «САУТС-Ойл» компаниясының президенті С. Сейтжановпен кездесті.

Келіссөздердің негізгі мақсаты – Түркістан облысында мұнай-газ химиясы, энергетика, өнеркәсіптік инфрақұрылым және жоғары технологиялық өндірістер салаларында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері болды.
Тараптар өңірде бірлескен кәсіпорын құру мүмкіндіктерін қарастырып, өндірістік кооперацияны дамыту бағытындағы өзара ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Кездесу барысында облыс әкімі Түркістан облысының инвестициялық және өндірістік әлеуетіне жан-жақты тоқталды. Өңірдің қолайлы географиялық орналасуы, халықаралық көлік дәліздеріне жақындығы, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардағы жеңілдіктер мен инвесторларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары таныстырылды. Сондай-ақ, жаңа өндірістерді орналастыруға арналған дайын өндірістік алаңдар мен инфрақұрылымдық мүмкіндіктер туралы жан-жақты ақпарат берілді.

Өз кезегінде Sinopec Nanjing Engineering компаниясының өкілдері Түркістан облысының өндірістік және инвестициялық мүмкіндіктеріне жоғары баға беріп, өңірде бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытатынын жеткізді. Компания мұнай өңдеу, мұнай-химия, энергетика, экологиялық технологиялар және цифрлық инженерия бағыттарындағы халықаралық тәжірибесін Қазақстандағы жобаларды дамытуға қолдануға дайын екенін мәлімдеді.
Кездесу қорытындысы бойынша Түркістан облысының әкімдігі мен Sinopec Nanjing Engineering және «САУТС-Ойл» компаниясы арасында бірлескен кәсіпорын құру жөніндегі жұмыстарды бастауға және инвестициялық жобаларды егжей-тегжейлі пысықтауға уағдаласты.
Бұл бастама Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, Түркістан облысының өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына қосымша серпін бермек.