You are currently viewing ӨҢІР БАСШЫСЫ ҚЫТАЙДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БИЗНЕС ӨКІЛДЕРІМЕН МАҢЫЗДЫ КЕЛІССӨЗДЕР ЖҮРГІЗДІ

ӨҢІР БАСШЫСЫ ҚЫТАЙДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БИЗНЕС ӨКІЛДЕРІМЕН МАҢЫЗДЫ КЕЛІССӨЗДЕР ЖҮРГІЗДІ

Түркістан облысының инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында облыс әкімдігі аппараты жанындағы «Turkistan Invest» инвестицияларды тарту және экспортты дамыту агенттігінің ұйымдастыруымен Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары өтті. Сапар аясында облыс әкімі Н. Көшеров жетекші өнеркәсіптік және энергетикалық компания өкілдерімен бірқатар маңызды келіссөздер жүргізді.

Соның ішінде, Kibing Group компаниясымен өткен кездесуде Түркістан облысында флоат-шыны өндіру және кварц құмын өңдеу бойынша ірі өндірістік кешен салу жобасы талқыланды. Жоба өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жоба жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті кадрлардың кәсіби біліктілігін арттыруға ықпал етеді.

Сондай-ақ, China Energy компаниясымен қуаттылығы 1500 МВт болатын жел электр станциясын салу жобасы жан-жақты қарастырылды. Бұл бастама өңірдің жаңартылатын энергия көздерін дамыту стратегиясына сәйкес келеді және энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған.

Мемлекет басшысының «жасыл экономика» және жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағытындағы тапсырмаларына сәйкес, Түркістан облысында баламалы энергетиканы дамыту стратегиялық басымдық ретінде айқындалған. Өңірдің табиғи-климаттық әлеуеті жел және күн энергетикасы жобаларын тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Келіссөздер барысында инвесторлар Түркістан облысының инвестициялық ахуалы мен ресурстық әлеуетіне жоғары баға беріп, ұзақ мерзімді әріптестікке қызығушылық білдірді.

«Turkistan Invest» агенттігі тарапынан облыстық әкімдіктің қолдауымен халықаралық әріптестікті дамыту және өңірге ірі инвестициялық жобаларды тарту және жүзеге асыру бағыты бойынша жұмыстар жүйелі түрде жалғасады.