Түркістанда Түркістан облыстық қоғамдық кеңесінің он төртінші кеңейтілген отырысы өтті. Жиынды Түркістан облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Б. Жылқышиев жүргізді. Кеңейтілген отырысқа облыс әкімдігі өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері, басқарма басшылары, мәслихат депутаттары және сала мамандары қатысты.


Күн тәртібінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестиция тарту, цифрландыру, көлік инфрақұрылымы және қоғамдық маңызы бар өзекті мәселелер қаралды.
Жиын барысында өңір басшысы Н. Көшеров Түркістан облысының басты мақсаты – экономикалық тұрғыдан өзін-өзі толық қамтамасыз ететін, өндірісі дамыған өңірге айналу екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде облыста терең өңдеу өндірістері, өндірістік парктер мен импорт алмастыру жобаларына басымдық беріліп, жаңа технологиялар кезең-кезеңімен енгізілуде.

Ал, облыс әкімінің орынбасары Қ. Қайыпбек өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша баяндама жасап, инвестиция тарту, өндірісті дамыту және экономиканы әртараптандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды.
Импортты алмастыру саясаты аясында жалпы құны 176 млрд теңгені құрайтын 31 инвестициялық жоба іске асырылған. Оның ішінде, Түркістан қаласында «Lihua» жіп иіру фабрикасы, «QazLaminat» ламинат зауыты мен «QazEcoPack» скотч шығаратын зауыты іске қосылды. Сонымен қатар, Сауран ауданында «Jasyl Suyq Qazaqstan» тоңазытқыш өндірісі, Шардара ауданында жүгеріні терең өңдейтін «Казкрахмал» зауыты, Түлкібас ауданында RC Cola брендімен сусын шығаратын «Beibars Bottlers» кәсіпорны, ал Кентау қаласында «Turan Shenhua» газ қазандықтары өндірісі жұмысын бастаған.
Инвесторларды қолдау мақсатында инфрақұрылыммен қамтылған өндірістік алаңдар құрылып жатыр. Арнайы экономикалық аймақта жалпы құны 881 млрд теңгені құрайтын 98 жоба іске асырылып, 7663 жұмыс орны ашылған. Ал индустриялық аймақтарда 124 млрд теңгенің жобалары жүзеге асып, 6 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.
Жиын барысында қоғамдық кеңес мүшелері өңірде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық және инвестициялық жобалардың нәтижелілігін тоқталып, Түркістан облысының даму қарқыны тұрақты өсіп келе жатқанын жеткізді.