You are currently viewing ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ІРІ 300 МВТ КҮН ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ РЕСМИ ТҮРДЕ БАСТАЛДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ІРІ 300 МВТ КҮН ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ РЕСМИ ТҮРДЕ БАСТАЛДЫ

Сауран ауданында Sauran Solar Power ЖШС бастамасымен қуаты 300 МВт болатын фотоэлектрлік станция мен энергия сақтау жүйесі жобасының алғашқы кронштейн іргетасының бетонын символикалық құю рәсімі өтті. Бұл тек құрылыс кезеңінің басталуы ғана емес, сонымен қатар өңірдің болашағына, экологиялық тұрақтылыққа және энергетикалық тәуелсіздікке бағытталған маңызды қадам.

Салтанатты шараға Түркістан облысының әкімі Н. Көшеров, China Energy Overseas Investment Co., Ltd. компаниясы бас директорының орынбасары Хэ Сюнфэй, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен серіктес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Облыс әкімі Н. Көшеров жобаның өңір үшін стратегиялық маңызын атап өтіп, облыс әкімдігі тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Ал, Хэ Сюнфэй өз кезегінде бұл жобаның Қазақстан мен Қытай арасындағы энергетикалық ынтымақтастықтың жаңа кезеңін айқындайтынын және оның халықаралық стандарттарға сай жүзеге асырылатынын мәлімдеді.

Жобаның жалпы инвестиция көлемі шамамен 307 миллион АҚШ доллары. Жобаны іске асыруға «Самұрық-Қазына» қоры мен «Самұрық-Энерго» компаниясы да қатысып отыр. Олар жобаның қаржылық және стратегиялық қолдауына үлес қосып, Қазақстанның энергетикалық инфрақұрылымын дамытуға және жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыруға ықпал етуде.

Бұл жоба:

  • Қытай мен Қазақстан арасындағы үкіметаралық келісім аясында жүзеге асырылып жатқан алғашқы энергетикалық жобалардың бірі;
  • China Energy Engineering Corporation (CEEC) компаниясының Қазақстандағы алғашқы инвестициялық бастамасы;
  • Еліміздегі ең ірі фотоэлектрлік және энергия сақтау жобаларының қатарына кіреді.

Құрылыс кезеңінде шамамен 500 жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға және өңір экономикасының дамуына оң әсер етеді.

Жоба толық іске қосылғаннан кейін жыл сайын шамамен 674 миллион киловатт-сағат экологиялық таза электр энергиясын өндіру жоспарлануда. Бұл өңірдің энергетикалық теңгерімін жақсартып, Қазақстанның жаңартылатын энергия көздеріне көшу саясатын қолдауға мүмкіндік береді.

Аталған жоба «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясындағы Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық және энергетикалық ынтымақтастықты нығайтып, өңірдің тұрақты дамуына және еліміздің «жасыл экономикаға» көшуіне үлес қосатын маңызды бастамалардың бірі.