Түркістан қаласындағы Достық үйінде инвестициялық жобаларға шетелдік жұмыс күшін тартудың заңдылығы мен тәртібіне арналған семинар өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, шетелдік және жергілікті инвесторлар мен кәсіпкерлер қатысты.
Семинарды облыс әкімінің орынбасары Қ. Қайыпбек ашып, өңірдегі инвестициялық ахуал мен еңбек ресурстарын тиімді пайдаланудың маңыздылығына тоқталды.

Кездесу барысында Түркістан облысы Полиция департаментінің Көші-қон қызметі басқармасының басшысы А. Смағұл шетелдік азаматтардың Қазақстан аумағында жұмыс істеу тәртібі мен заң талаптарын түсіндірді.
Сондай-ақ, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары К. Мирова жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру шарттары мен рәсімдеріне тоқталды.
Ал, «TURAN» арнайы экономикалық аймағы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ж. Тулебеков АЭА аумағындағы кәсіпорындар үшін шетелдік мамандарды тартудың ерекшеліктерін атап өтті.
Қатысушы тарап өз кезегінде өзекті сұрақтарын қойып, саладағы заңнамалық талаптар бойынша толыққанды жауаптар алды.
Сонымен қатар, семинар аясында қатысушыларға «Turkistan Invest» тарапынан ақпараттық материалдар мен жол карталары таратылды. Онда С5 және С3 визаларын рәсімдеу, ҚР жеке шот ашу, заңды тұлға тіркеу және басқа да қажетті рәсімдер бойынша негізгі мәліметтер берілген.
Айта кетейік, «Turkistan Invest» инвесторларға жобаны іске асырудың барлық кезеңінде кешенді қолдау көрсетеді. Атап айтқанда, кеңес беру, визалық рәсімдер, компания тіркеу, жер телімдерін алу және мемлекеттік органдармен өзара жұмыс жүргізу.