Астанада ҚХР-дың жеткізу тізбектерін дамытуға арналған 4-ші халықаралық көрмесі – Supply Chain Expo (CISCE) ресми түрде таныстырылды. Іс-шара аясында Қазақстан мен Қытай арасындағы жеткізу тізбектері саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған салалық семинар өтті.

Форумға инвестициялық қауымдастық өкілдері ат салысып, халықаралық әріптестермен іскерлік байланыстарды дамыту мүмкіндіктерін қарастырды. Сондай-ақ, іс-шараға «Turkestan Invest» өкілдері де қатысып, жеткізу тізбектері мен инвестициялық ынтымақтастық бағыттарына қызығушылық танытты.
Қазақстан биыл «Қытайға экспорт» науқанының басты серіктесі ретінде белгіленді. 2026 жылдың алғашқы екі айының қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 64%-ға өсіп, 9,75 млрд АҚШ долларына жетті. Ал Қытайдың Қазақстаннан импорты 152%-ға артып, 5,22 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіштер экономикалық әріптестіктің қарқынды дамып келе жатқанын айқын көрсетеді.


Supply Chain Expo (CISCE) – халықаралық бизнес қауымдастық үшін стратегиялық маңызы бар алаң. Көрме 22-24 маусым күндері Бейжің қаласында өтеді және өнеркәсіп, таза энергия, интеллектуалды көлік, цифрлық технологиялар, денсаулық сақтау және «жасыл» ауыл шаруашылығы сынды 6 негізгі бағытты қамтиды. Онда биыл алғаш рет жасанды интеллектке арналған арнайы аймақ ұсынылады.