You are currently viewing ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА 10 АЙДА 888,5 МЛРД. ТЕҢГЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА 10 АЙДА 888,5 МЛРД. ТЕҢГЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛДЫ

Түркістан облысында Мемлекет басшысының инвестиция тарту бағытындағы тапсырмасына байланысты қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Облысқа жыл басынан 888,5 млрд. теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 17,7%-ға артты. Ал жыл басынан бері тікелей шетелдік инвестиция көлемі 685 млн. АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар 1,5 есеге артығымен орындалды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды баяндады.

– Облысқа инвестиция тарту және тәжірибе алмасу мақсатында Қытай, Ресей, Аустралия, Өзбекстан, Қатар және Оңтүстік Корея елдеріне түркістандық кәсіпкерлердің сапарын ұйымдастырып, алпауыт компаниялармен маңызды келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде шетел капиталының қатысуымен жалпы құны 910 млн. АҚШ долларын құрайтын 6 инвестициялық жоба басталды. Бұдан бөлек, қазан айында Түркістан қаласына 127 шетелдік компанияны шақырып, 301 млрд. теңге көлемінде 35 меморандумға қол қойылды, – деді Дархан Сатыбалды.

Осы келісім арқылы дрон, бейнекамера, медициналық жиhаз, тұрмыстық техника өндіретін кәсіпорындарды ашу жұмыстары басталды. Аймақта «Өнеркәсіптік жылы-жай кешені», «Алюминий бұйымдарын шығаратын зауыт», «Өнеркәсіптік тоңазытқыштар шығаратын зауыт», «Каустикалық сода, пвх, кальций карбиді, әк цемент шығаратын зауыт» жобалары жүзеге асуда. Сонымен бірге фосфорит кендерін өңдеу және мұнай өңдеу зауыттары салынуда. Алдағы уақытта түркістандық зауыттар өз елімізді және экспортты түрлі өніммен қамтамасыз ететін болады. Одан бөлек, алдағы уақытта индустриалды аймақтарда тұрмыстық техника, өсімдік майы, газ қондырғылары, лифт құрастыру, әскери палатка, санфаянс, сэндвич панелі және сусындар өндіретін зауыттар ашылады.

 

Пікір үстеу