You are currently viewing ТҮРКІСТАН МЕН ҚЫТАЙ: ЖАҢА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ КЕЗЕҢ

ТҮРКІСТАН МЕН ҚЫТАЙ: ЖАҢА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ КЕЗЕҢ

Түркістан облысының әкімі Н. Көшеров бастаған делегация Қытай Халық Республикасының Куньмин қаласына «Turkistan Invest» өңірлік агенттігінің ұйымдастыруымен ресми жұмыс сапарымен барды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында іске асқан бұл сапардың басты мақсаты — өңірге шетелдік инвестиция мен озық технологияларды тарту, агроөнеркәсіп пен туризмді дамыту.

Сапар барысында облыс әкімі еліміздегі Астана LRT жобасын салған Қытайдың ең ірі мемлекеттік құрылыс және инфрақұрылым холдингі — Yunnan Construction & Investment Holding Group (YCIH) жетекшісі Чэнь Цзуцзюньмен маңызды келіссөздер жүргізді.

 

Кездесуде Түркістан облысы аумағында жаңа автожолдар салу және заманауи логистикалық орталық құру жобалары талқыланып, қытайлық тарап бұл бастамаларға үлкен қызығушылық танытты.

Бүгінде Түркістан облысы — «Батыс Қытай — Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі, жылына 3 миллион жолаушы қабылдайтын әуежайы, 21 индустриялық аймағы және салықтық жеңілдіктері бар «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағы арқылы инвесторлар үшін ең қолайлы өңірлердің біріне айналып отыр.

Екі ел арасындағы тауар айналымында Түркістан облысының үлесі 684,3 млн АҚШ долларына жеткенін ескерсек, бұл сапар аясында қол жеткізілген уағдаластықтар өңір экономикасына жаңа серпін бермек.