You are currently viewing ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЛАРМЕН ГҮЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЛАРМЕН ГҮЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысыныңәкімі Н. Көшеров Қытайдың Shaanxi Silk Road City Holding Group Co., Ltd. компаниясының бас директоры Юань Чжао Хуэймен және компанияның Қазақстандағы филиалының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында жылыжай шаруашылығын дамыту, гүл өсіру саласын кеңейту және өңірді көгалдандыру бағытындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері қаралды.

Тараптар заманауи жылыжай технологияларын енгізу, сәндік өсімдіктер мен ағаш көшеттерін өсіру, сондай-ақ, жергілікті шаруалармен бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндіктерін талқылады.

Облыс әкімі түскен ұсыныстардың барлығы жан-жақты зерделеніп, тиімді жобаларға жергілікті билік тарапынан қолдау көрсетілетінін атап өтті.

«Экономиканы дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ететін жобаларды қолдауға дайынбыз. Түркістан облысында жылыжай шаруашылығын дамытуға үлкен мүмкіндік бар», — деді Н. Көшеров.

Қазіргі уақытта компания Сарыағаш ауданында бұталы раушан гүлдерін сынақ негізінде отырғызу жұмыстарын бастап кеткен. Жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда оның аумағын 20 гектарға дейін кеңейту жоспарланып отыр.

Инвесторлардың айтуынша, өндірілетін гүл өнімдері Орталық Азия елдері мен Ресей нарығына экспортталатын болады, бұл бағытта сұраныс жоғары.

Кездесу қорытындысында тараптар өңірдің климаттық ерекшеліктеріне бейімделген сәндік өсімдіктерді сынақтан өткізу жұмыстарын жалғастыруға келісті. Пилоттық кезең сәтті болса, жоба ауқымын кеңейту мәселесі қарастырылатын болады.