You are currently viewing 2025 ЖЫЛЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЗАМАНАУИ ЗАУЫТТАР АШЫЛЫП, ИНДУСТРИЯЛЫҚ СЕРПІЛІС ЖАСАЛДЫ

2025 ЖЫЛЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЗАМАНАУИ ЗАУЫТТАР АШЫЛЫП, ИНДУСТРИЯЛЫҚ СЕРПІЛІС ЖАСАЛДЫ

Түркістан облысында бір желтоқсан айының өзінде 7 зауыт ашылып, 2 өндіріс орны мен 1 электр станциясының капсуласы салынды. Бұл – Мемлекет басшысының Жолдауындағы экономиканы әртараптандыру, өндірісті көбейту, инвестиция тарту тапсырмаларының орындалып жатқанының нақты көрінісі. Жалпы, Түркістан облысы үшін 2025 жыл ірі зауыттардың ашылуымен, индустрияның өркендеуімен және терең өңдеу саласындағы көрсеткіштердің ұлғаюымен тарихта қалды. Бұл ретте Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров инвесторлармен тұрақты әрі белсенді жұмыс жүргізіп, облыс үшін инвестиция тарту, индустриалды және арнайы экономикалық аймақтарды дамытуды басым бағыт ретінде белгілеп берді.
– Инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу, ауыл шаруашылығында терең өңдеуді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар арқылы Түркістан облысын дотациялық өңірден өзін-өзі қамтамасыз ететін индустриалды облысқа айналдырамыз. Біздің басты мақсатымыз – жұмыс орындарын ашу, өндіріс орындарын көбейту, – дейді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Облыстың өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында 20 индустриалдық және «Turan» арнайы экономикалық аймақтары құрылған. Индустриалдық аймақтарда 39 млрд теңге инвестиция тартылып, 50 жоба іске қосылды. «Turan» арнайы экономикалық аймағында 223 млрд теңгеге 20 ірі жоба жүзеге асырылуда. Солардың бірқатарына тоқталсақ, Созақ ауданында табиғи уран өңдеу кешені («Катко» ЖШС, құны 35 млрд.тг., 300 жұмыс орны), Отырар ауданында 1 мақта өңдеу зауыты және тамшылатып суғару технологиясын шығаратын 1 зауыт («Kazakhstan Lihua» ЖШС, құны 21 млрд.тг., 960 жұмыс орны), Түлкібас ауданында RC Cola брендімен түрлі түсті сусын шығаратын зауыт («Beibars Bottlers» ЖШС, құны 9 млрд. тг., 96 жұмыс орны), Сайрам ауданында заманауи ет комбинаты («KazEcoMeat» ЖШС, құны 8,5 млрд. тг., 150 жұмыс орны), Ордабасы ауданында алюминий бұйымдарын шығаратын зауыт («Central Asia Aluminium» ЖШС, құны 8 млрд.тг., 150 жұмыс орны) ашылды. Оған қоса Түркістан облысы, Кентау қаласының арнайы экономикалық аймағында газ қазандықтарын шығаратын өндіріс орны іске қосылып, 40 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. Ордабасы ауданындағы «Бадам» индустриалды аймағында «AERO» автоклавталған газоблок өнімдерін шығаратын зауыты жұмысын бастап, 40 тұрғын еңбекке тартылды. Түлкібас ауданында «Састөбе» инновациялық кешені» ЖШС-нің әк шығаратын зауытының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жалпы құны 180 млрд. теңге болатын жобаның құрылысы 2026-2027 жылдары аяқталады деп жоспарланған. Биыл 32 млрд теңге инвестициялық қаржыға әк өндірістік кешені іске қосылды. Зауыт толық қуатына шыққанда жылына 400 мың тонна әк, 100 мың тонна каустикалық сода, 120 мың тонна ПВХ, 200 мың тонна кальций карбиді және 1 млн тонна цемент өндірмек. Жоба аясында жалпы мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады, оның ішінде биыл 100 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен бірге Түлкібаста алма мен өзге де жеміс-жидекті өңдеп, одан 100 пайыз табиғи шырын, жеміс пюресі және алма ұнтағын шығаратын «Түлкібас жеміс-жидектері» кооперативі кәсіпорны іске қосылды. Кәсіпорын жылына 5 мың тонна алманы терең өңдейді. Толық автоматтандырылған нысанда 15 адам жұмыс істейді. Түркістан қаласындағы арнайы экономикалық аймағында толық циклді тоқыма бұйымдарын өндіру бойынша мақта агроөнеркәсіптік кешені іске қосылды. «Түркістан тоқыма» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (Kazakhstan Lihua) жіп иіріп, мата өндіретін ірі өндірістік кешені өз жұмысын бастады. «Turan» арнайы экономикалық аймағынан 42 гектар жер бөлінген өндірістік кешеннің жалпы инвестициялық құны – 86,2 млрд теңге. Құрылыс жұмыстары 2024 жылы басталып, биыл алғашқы кезеңі іске қосылды. Жобаның бірінші кезеңінде 430 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал 2026 жылдың желтоқсан айына дейін зауыттың келесі үш кезеңі толық аяқталып, қосымша 2 мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұл – Түркістан облысы үшін әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан аса маңызды көрсеткіш. Жаңа жұмыс орындары халықтың әл-ауқатын арттырып, ішкі көші-қонды азайтуға, кәсіби кадрларды өңірде ұстап қалуға мүмкіндік береді. Зауыт толық іске қосылған кезде жыл сайын 11,4 мың тонна жіп, 47,3 миллион шаршы метр мата, 2 миллион төсек-орын жабдықтары жиынтығы мен 4 миллион көрпе өндіру жоспарланып отыр. Отырар ауданында заманауи мақта өңдеу зауыты, сондай-ақ жылына 800 миллион метр суару лентасын өндіретін, 50 мың гектар егіс алқабын заманауи тамшылатып суару жүйесімен қамтамасыз етуге қауқарлы өндіріс орны іске қосылды. Ақылды басқару технологиясымен қамтылған мақта өңдеу зауытында 279 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Осы арқылы облыста мақта кластері қарқын алды. «ER-QAN GROUP» ЖШС-нің орамдағы полиэтилен пакеттері мен желім (пластик) ыдыстарын шығаратын зауыт іске қосылды. Зауыттың жобалық құны – 4 млрд теңге. Аталған жоба аясында 30-дан аса жаңа жұмыс орны ашылды. Түркістанда джинсы маталарын шығаратын алып кәсіпорынның капсуласы салынды. Мұнда жылына 30 мың тонна мақта-мата жібі мен 10 млн метр джинсы маталары өндіріліп, мыңнан аса тұрғын жұмыспен қамтылады. Облыс орталығында бір рет қолданылатын биоыдырайтын ыдыстар мен қаптама өндіретін заманауи зауыттың іргетасы қаланды. Жобаны PULPSTYLE ЖШС іске асырмақ. Нысан шаһардағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Жоба арқылы 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Сауран ауданы Оранғай ауылдық округінде қуаты 300 МВт болатын ірі күн электр станциясының құрылысы ресми түрде басталып, уақыт капсуласын салу рәсімі өтті.
Түркістан облысы, Ордабасы ауданында «Altyn land» ЖШС-ның автоматтандырылған қыш зауыты іске қосылып, 120 жұмыс орны құрылды. Бүгінде облыста құны жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, «Salem Study» асфальт зауытының құрылысы, «Dala Construction» ЖШС-ның қабырғаларға, едендерге және төбелерге арналған жылу оқшаулағыш материал (керамзит) өндіру зауыты, «Мунай инвестмент груп» ЖШС-ның Битум және битум қоймасын өндіретін зауытының құрылысы, «Кентау Аспап құралдары» ЖШС-ның көппрофильді темір бұйымдарын шығаратын цехы, «Торговый Дом» Orda Glass» екі қабатты терезелерді шығаратын шыны өңдеу зауыты, «ARNA trade» қағаз майлық шығаратын цехы, «Қазығұрт бақтары» АӨК-нің жеміс-жидек өңдеу цехы мен көкөніс қоймасы салынуда. «BEGACH» Мақта тұқымын шығаратын кәсіпорын құру, «ПРОМ-ЕА» ЖШС медициналық бұйымдар шығаратын зауыт құрылысы, «Санжар» жиhаз жасау цехының құрылысы қолға алынған. Жыл басынан бері облысқа 1,4 трлн теңге инвестиция тартылды. Түркістан облысын индустрияландыру, инвестиция тарту жұмыстары жалғасады.

Leave a Reply