ШЫМКЕНТТЕ «SHYMKENT INVESTMENT – 2023» ӨҢІРАРАЛЫҚ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ФОРУМЫ ӨТІП ЖАТЫР

Оңтүстік өңірінің инвестициялық ахуалын жақсартуға мүмкіндік беретін іс-шараға орталық мемлекеттік органдар мен елшіліктердің, ұлттық және шетелдік компаниялардың өкілдері, сондай-ақ танымал кәсіпкерлер мен инвесторлар арнайы шақырылды.
Инвестициялық тартымдылықты арттыру арқылы өңірдің экономикалық даму қарқынын күшейтетін форумға Түркістан облысы атынан облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров қатысты.
Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласы - еліміздің ең ірі өнеркәсіптік аймағы саналады. Өңірде түрлі инвестициялық жобаларды іске асыруға экономикалық және адами ресурстар да жеткілікті. Форум спикерлері мемлекет қолдауы арқылы өңірдің осындай әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін бірқатар ұсыныстарды талқылады. 500 адам қатысқан еркін форматта ұйымдастырылған диалог алаңында бірнеше инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша шетелдік және отандық компаниялармен меморандумдар түзілуде.