
АЛҒАШ РЕТ «KAZAGRO/KAZFOOD TURKISTAN 2023» I ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САУДА КӨРМЕ-ЖӘРМЕҢКЕСІ БАСТАЛДЫ
Наурыз мерекесі қарсаңында қасиетті Түркістан төрінде «KazAgro/KazFood Turkistan 2023» I халықаралық сауда көрмесінің ашылу салтанаты өтті.
Бұл көрме-жәрмеңке халықаралық көрме ұйымдастырушы «Expo Group» компаниясы және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен өтіп отыр.Көрменің мақсаты – қатысушылар арасында байланыстар орнатып, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі және қызмет көрсету салаларын дамыту.
Бүгінгі іс-шарада 100-ге жуық жергілікті және шетел кәсіпкерлері өз өнімдерін ұсынып отыр.Түркістан төріндегі көрме-жәрмеңкесіне еліміздің танымал кәсіпкерлері мен инвесторлары, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілері қатысып жатыр.
Шетелден де қонақтар бар. Әр кәсіпкер мен компания өздерінің ең сапалы өнімдерін алып келген. Көрме-жәрмеңке аясында бірқатар меморандумға қол қойылып, іскерлік байланыстар орнатылмақ. 20 наурыздан 22 наурызға дейін жалғасатын халықаралық көрме-жәрмеңкесінде түйелер шеруі, ат спорты ойыны, этноқалашықта іс-шаралар, концерттік бағдарламалар мен шоулар өтеді.
Одан бөлек, спорттық бағдарламалар мен ұлттық ойындардан сайыстар ұйымдастырылып, қасиетті орындар мен кесенелерге саяхат жасалмақ. Шығыс тағамдарының дәмін тату, қолөнер шеберханаларымен танысу сияқты іс-шаралар қолға алынады. Бұл іс-шаралар жалпы туризм мен агротуризмнің дамуына оңынан ықпал етеді. Сонымен бірге асыл тұқымды ірі қаралар таныстырылады. Форум шеңберінде бүгінгі күнгі ең өзекті мәселелер талқыланды.
Атап айтсақ, сапалы тұқым шаруашылығы, тұқыммен қамтамасыз ету, су үнемдеу технологиясы, етті экспорттау, өнімділікті арттыру технологиясы тағы басқа мәселелер жан-жақты зерделенді.