Туркия және Түркістан облысы ынтымақтастықты дамытудың жаңа векторларын анықтады

Түркия Республикасының Ыстамбұл қаласында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А.Маминнің, Түркия Республикасының Вице-президенті Ф. Октайдың, ұлттық компаниялар, даму қорлары, екі елдің сауда палаталары басшылары және кәсіпкерлерінің қатысуымен қазақстан-түрік бизнес-форумы өтті. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А.Мамин өңіріміздің инвестициялық мүмкіндіктерін ерекше атап өтті.

Форум аясында Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев түрік капиталының қатысуымен Шығыс базары, сауда орталығы мен қонақүйлер салу, төмен вольтты кабельдер шығару бойынша 3 меморандумға қол қойды. Өз кезегінде мен қатысушыларды Түркістан облысының туристік және инвестициялық әлеуетімен таныстырдым.

Түркия - Түркістан облысы мен жалпы Қазақстанның маңызды, стратегиялық және сенімді серіктесі.

Сондай-ақ форумда G2B форматында түрік бизнесінің 30-дан астам капитандарымен кездестік. Түрік инвесторлары үлкен қызығушылық танытып, Түркістан облысының туристік және өнеркәсіптік салаларына инвестиция салуға ниет білдірді. Ынтымақтастықты күшейту және әрі қарай жалғастыру мақсатында түрік компанияларының Түркістан облысына сапары күтілуде.